Мен сонда жылап қалғам.
Сен сезбедің. Кетті ұшып жыраққа арман.
Мұның бәрі неліктен? Білесің сен –
Өзіңді ұнатқаннан;
Сосын-сосын жүргеннен ұмыта алмай
Алып-ұшып жеткенде жырақтардан
Кездеріңді алдымда құлап-талған;
Өліп-өшіп өртенген кезеңдерің,
Сосын… түк болмағандай безергенің –
Осыларға түсінбей мұң ақтарғам,
Басым қатып шешілмес сұрақтардан.
Сезіміңнің мұншалық жалғандығы,
Сен үшін бір сәт екен арман құны.
…Мен сонда жылап қалғам
Өзіңді жек көргеннен және де… ұнатқаннан.
// Фариза Оңғарсынова - Мен сонда жылап қалғам