Полиция Алматы тұрғындарына үндеу жасады

Алматыда жол-көлік оқиғаларын алдын алуға және азайтуға, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерінің жолын кесуге және анықтауға бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Сонымен қатар, іс-шараның басым мақсаттарының бірі балалардың жарақаттануының алдын алу, жол-көлік оқиғаларының өсуін төмендету болып табылады, оның себептері көбінесе балалар арасында жолда жүріс-тұрыс дағдыларының болмауы және жол қозғалысы ережелерін білмеуі. «Бүгінгі таңда Алматы жолдарындағы жағдай қиындау болып тұр, өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларынан балалар зардап шегуде. Биылғы жылдың басынан бері Алматыда балалардың қатысуымен 623 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, апат салдарынан 1 бала қайтыс болып, тағы 664-і жарақат алды. Бір баланың қайтыс болуы біз үшін, бүкіл қоғам үшін үлкен қасірет. Бұл статистика алаңдатарлық және тағы да ересек тұрғындарға үндеу салуға негіз береді: балаларыңызға қамқорлық жасаңыз, оларды жолды дұрыс кесіп өтуге үйретіңіз, самокаттар мен мопедтердің руліне отыруға жол бермеңіз, мінез-құлықтың дұрыс үлгісін көрсетіңіз», - деді, Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция Басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Құлбаев. Қазіргі уақытта Алматы полиция бөлімшелері жаңа оқу жылына қызу дайындық үстінде. «Ең алдымен, арнайы құрылған топ жалпы білім беру мекемелеріне іргелес жатқан жол бөліктеріне тексеру жүргізіп, олардың «Балалардың жол қауіпсіздігі» бағдарламасы бойынша жабдықталғанын қарап шықты. Екіншіден, жергілікті полиция қызметінің алдыңғы шептегі бөлімшелері мектеп жанындағы патрульдік жасақтарды орналастыруды әзірледі, олар оқу басталған сәттен бастап мектептерде қызмет етіп, қозғалысты үйлестіреді және оқушылардың жолдан дұрыс өтуіне көмектеседі. Ал бірінші сынып оқушылары үшін полиция қызметкерлері дәстүрлі түрде жол қозғалысы ережелерін білу бойынша бірқатар сабақтар өткізеді», - деді, подполковник Құлбаев.
В начало