Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары коронавирус індетіне байланысты карантинге жабылғанымен, қалалар арасында адам таситын кейбір такси жүргізушілері жұмысын тоқтатпаған.
Олар азаматтардың жабық қалалардан “күнде шығып жүргенін“, қалалардан шығудың түрлі амалы бар екенін айтады. Алматы полициясы мен ішкі істер министрлігі “қарапайым азаматтарға блокпостардан өтуге болады“ деген хабарды жоққа шығарды.
Карантинді бұзғандар әкімшілік не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Қазақстанда коронавирус анықталғандар саны 300-ге таяды. Бір науқас қайтыс болды.