Живе Беларусь. Қазақы түсінікке салсақ, Жасасын немесе Жасай бер Беларусь. Біздің жұрт ақорыстар деп айдарлаған елде екінші апта болды шерулер мен толқулар толастар емес. Президент сайлауы әділетсіз өтті деген көпшілік өзгерісті талап етуде. Батыс қоғамында Еуропаның соңғы диктаторы делінетін Батька, ТМД кеңістігінде Кеңестен қалған өнеркәсіп нысандарын мен ауылшаруашылығы саласын, колхоз совхоздарды сақтап қалған тұлға ретінде танымал еді бұқараға. Десе де Беларусь халқы елді 25 жыл билеген Лукашенконың кетуін талап етсе, біз білмейтін проблемалар көп шығар?
Әдетте бұл қисынды сұрақ. Бірақ, қайта сайланған президент сыртқы күштер ішкі тұрақтылықты шайқап, ел іргесін сөгуге күш салып жатыр деуден танбауда. Бәлкім 25 жыл батыс пен шығыстың көңілін тауып келген Батьканың да бір білгені бар шығар? Қазіргі ахуал Украина сценарийі сияқты Майданға ұласа ма? Ұласса шығыстан қауіп төнуі мүмкін бе? Шөкімдей ғана елдің ішіндегі саяси оқиға дәл қазір әлемдік геосаясат алпауыттарының кезекті тартысына түрткі болмақ па?