Солтүстік Қазақстанда санитарлық дәрігерлер өңірдегі базарлар мен дүкендерді тексеріп, тауарда сальмонеллёз ауруын анықтаған. Кейбір тұтынушылар ішінен ине тауып алған. Ал «халал» белгісімен сатылатын шұжықтан сараптама нәтижесінде шошқаның ДНК-сы шығыпты. Сапасыз өнім өндірушілері көбінде шетелдіктер, олардың дені – ресейлік компаниялар.
Құзырлы орган мамандары сапасыз ет өнімдерін сауда орындарынан тәркіленгенін мәлімдейді. Десе де, ұқыпсыз сатушылар мен өндірушілерді жазалауға қауқарсыз. Ресейлік әріптестерімен хабарласып, көрші елдегі тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымға ескерту жіберген. Бұдан басқа шара қолдана алмайтынын айтады.